Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XLVII сессиясы өтті. Онда «Алматы Бизнес — 2030» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы баяндаманы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мандибаев жасады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Басқарма басшысының түсіндіруінше, биылғы ақпанда бекітілген «Алматы Бизнес — 2030» бағдарламасы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған. Оның операторлары — СПК және оның еншілес ұйымы «Almaty Finance» ЖШС, сондай-ақ «Алматы» МҰҰ.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні — несиелеу бағыттарының тізбесін кеңейту, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру, туристік көлікті дамыту және экологиялық бастамалар салалары қамтылған.
Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілеріне атмосфераға зиянды шығарындылар көлемін азайтатын жабдықты сатып алуға қаржыландыру алу мүмкіндігі берілмек.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, Алматыда қоғамдық тамақтану кәсіпорындары мен өнеркәсіптік нысандардың шығарындыларына мониторинг жүргізіледі. Кәсіпкерлер тазарту жабдығын сатып алуға қолдау көрсетуді үнемі сұрайтындықтан, бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.
— Шағын және орта бизнестің барлық субъектілеріне ауаны ластайтын заттардың деңгейін төмендететін жабдықты сатып алу бойынша жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ қаланың қажеттіліктерін ескере отырып, дендрарийлер (питомниктер), визит-орталықтар, санитарлық-гигиеналық тораптар, бірегей стационарлық емес сауда нысандары мен жәрмеңкелер салу және жаңғырту жобаларын қаржыландыру мүмкіндігін қосу ұсынылады, — деді Берікбол Мандибаев.
Сондай-ақ кепілсіз несиелеу құралы аясында әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін қарыздар бойынша салалық шектеулерді алып тастау көзделген.
Талқылау барысында депутаттар экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту бюджетке қосымша жүктеме әкелмей ме деп сұрады, өйткені субсидиялар мен жеңілдікті қаржыландыруға үміткерлер саны артуы мүмкін.
Берікбол Мандибаев бұған қалалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажет емес екенін атап өтті.
— Бұл жоба қала бюджетінен бөлінетін қаражатты ұлғайтуды көздемейді. Біз бұрын бөлінген қаражат аясында жұмыс істейміз. 2019 жылдан бері осы мақсаттарға шамамен 30 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 22 млрд теңге айналымда, тағы 8 млрд теңге бос қаражат болып табылады, олар ұсынылып отырған өзгерістер аясында игерілетін болады. Қосымша қаражат қажет емес, — деді ол.
Талқылау қорытындысы бойынша Алматы мәслихатының депутаттары бағдарламаға енгізілген өзгерістерді қолдады.
Еске сала кетейік, Алматыда 28 сәуірден бастап шығарындылар деңгейі төмен аймақтың (LEZ) техникалық пилоттық жобасы іске қосылды. 2025 жылдың соңында Алматыда атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа Қағидалары қабылданды. Өзгерістер екі негізгі бағытты қамтиды: III санаттағы объектілер және көлік. III санаттағы объектілер — бұл көмірдегі дәмханалар мен шашлықханалар, моншалар, құрылыс алаңдары және тұрғын аудандардағы басқа да нүктелер.
Дереккөз: Inform.kz