...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда заңсыз құрылыс иелеріне жарық пен су өшіріледі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды заңсыз сауда нысандарын бұзу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына қатаң пікір білдіріп, олардың иелеріне электр жарығы мен су беруді тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Дархан Сатыбалды заңсыз құрылыстарға қатаң шара қолдануды жүктеп, жұмыстың ашық, дәйекті және қолданыстағы заң аясында жүргізілуі керектігін атап өтті.

Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Берікбол Мандибаевтың айтуынша, Алматыда 1595 заңсыз стационарлық емес сауда нысаны анықталған. Оның 509-ы мемлекеттік жерлерде, 210-ы жеке учаскелерде мақсатсыз пайдаланылып, 876-сы бекітілген дизайн-код талаптарын бұзған.

Ол мұндай нысандардың жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, қаланың сәулеттік келбетін бұзып, тұрғындардың шағымына себеп болып жатқанын жеткізді.

«Ең алдымен жауапкершілік аудан әкімдеріне жүктеледі, олар күн сайын аралап, бұзушылықтарды анықтауы керек. Жыл басынан бері барлығы 157 нысан бұзылды – бұл қала үшін өте төмен қарқын. Электр жарығы мен су беруді өшіруге бастамашылық жасап, полициямен бірге иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Ешқандай ерекшелік болмауы тиіс. Бір айдан кейін айтарлықтай нәтиже күтемін», – деді Дархан Сатыбалды.

Дереккөз: Nur.kz