
Алматыда 1595 заңсыз стационарлық емес сауда нысаны анықталды, оның 509-ы мемлекеттік жер қорында, 210-ы жеке учаскелерде мақсатты пайдалануды бұзып, 876-сы бекітілген дизайн-код талаптарын бұзып орналасқан. Бұл туралы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мандибаев әкім Дархан Сатыбалдыға есебінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мандибаевтың айтуынша, мұндай нысандар жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, қаланың сәулеттік келбетін бұзады және тұрғындардың шағымына себеп болады.
Әкім Дархан Сатыбалды заңсыз НТО-ға қатаң шара қолдануды тапсырып, тәртіп орнату жұмысы ашық, дәйекті және қолданыстағы заңнама аясында жүргізілуі керектігін атап өтті.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде НТО орналастыру үшін 142 локация бекітілген, жыл соңына дейін олардың саны артады.
Сондай-ақ кеңесте қоғамдық тамақтану нысандарының қызметін реттеу мәселесі қаралды. Қазіргі уақытта тамақтану нысандарының шамамен 30%-ы жазғы алаңдарды пайдаланады. Алайда қолданыстағы реттеу тетіктері олардың уақытша және капиталдық емес сипатын толық ескермейді, бұл келісу кезінде қиындықтар туғызып, рұқсатсыз орналастыру жағдайларына әкеледі.
Дереккөз: Zakon.kz