Алматыдағы Достық даңғылында тротуардың бір бөлігі опырылып қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала тұрғыны Вера Давыдова Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында мегаполисте тротуардың құлағаны туралы бірнеше фото жариялаған.
«Бірінші жаңбыр — жол да еріп кетті. Бұрын-соңды болмаған, міне тағы да! Тротуардың бүтіндей бір бөлігі опырылды. Достық — Алматыдағы орталық даңғыл, су басты, жолдан өтуге мүмкіндік жоқ. Алда қыс, бізді не күтіп тұрғанын ойлау қорқынышты», — делінген жазбада.
Шағымға «Алматы жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауап берді.
Кәсіпорынның хабарлауынша, Достық даңғылында, Әл-Фараби мен Абай даңғылдары аралығында жылу желілерінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Нөсер жауын кезінде аталған учаскеде топырақ жергілікті жерде шөгіп кеткен. Шөгуді жоюды мердігер ұйым 2026 жылғы 11 қарашада кепілдік міндеттемелер аясында орындайды.
Еске салайық, Достық даңғылын қайта жаңғырту жобасы аясында тротуар плиткасын төсеу, велосипед жолын салу, көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, кабель желілерін тарту және сыртқы жарықтандыру тіректерін монтаждау, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары атқарылған.
