Алматыда көпқабатты үй тұрғындары үйінен 500 метр радиустағы кез келген тұрақта бір көлікті тегін қоюға құқылы болады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жаңа жоба ақылы коммуналдық және жеке тұрақтарды бөліп, оларды белгілермен, ақпараттық тақталармен жабдықтауға, жұмыс режимі мен төлем тәсілдеріне нақты талаптар белгілейді. Жобада жеңілдік кезеңі де қарастырылған: тротуардағы тұрақтарда отырғызу немесе түсіру үшін 5 минут, ал алаңдық тұрақтардан шығу үшін 10 минут тегін.
Ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электромобиль иелері және жедел қызметтер бұрынғыдай төлемнен толық босатылады. Диханбаевтың айтуынша, басты жаңалық – көпқабатты үй тұрғындарының үйінен 500 метр радиустағы кез келген тұрақта бір көлікті тегін қою құқығы. Нақты орын бекітілмейді, бұл тұрғындар мен басқа қала тұрғындарының мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Бұған дейін «Медеу» тұрағы 2026 жылғы 16 маусымнан желтоқсанға дейін жабылатыны хабарланған болатын.
Дереккөз: Zakon.kz
