Қазіргі уақытта Алматыда 17 мыңнан астам ақылы тұрақ орны бар, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алайда 2026 жылдың соңына дейін қалада жол қозғалысын реттеу және тұрақ кеңістігін ұйымдастыру мақсатында қосымша ақылы тұрақтарды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Бұл туралы «Алматы паркинг» ЖШС агенттіктің сұрауына берген жауабында хабарлады.
— 2026 жылы қаланың магистральдық көшелерінде қосымша 8 мыңға жуық тұрақ орнын ақылы форматқа ауыстыру жоспарлануда. Бұл шара көшелердің өткізу қабілетін арттыруға және тұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға бағытталған, — делінген компанияның жауабында.
«Алматы паркингте» қазіргі уақытта тұрақ тарифтерін өзгерту мәселесі қарастырылып жатқанын, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтты.
— Тарифтердегі кез келген өзгерістер туралы әкімдіктің ресми парақшаларында хабарланады, — деп нақтылады ұйымда.
Қаланың коммуналдық меншігіндегі ақылы тұрақ орындарының ең көп саны Алмалы ауданында орналасқан — 5363. Одан кейін Медеу (5102) және Жетісу (3494) аудандары тұр. Алатау ауданында 2637 ақылы тұрақ орны, Бостандықта — 787, Түрксібте — 290, Наурызбайда — 92, Әуезовте — 60.
Бұған дейін Алматыда ақылы тұрақ жүйесін реформалау жоспарлары туралы хабарланған болатын. Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, резиденттік абонементтер деп аталатын жүйені енгізу мүмкіндігі қарастырылуда, соның арқасында жергілікті тұрғындар өз жеке көліктерін ақылы тұрақтарда тегін қалдыра алады.
Кейін қала әкімдігі «Ашық НҚА» порталында жарияланған қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат қолданыстағы ЖҚЕ реттелмеген бөлігінде жол қозғалысын ұйымдастыру ережелерін жаңартуды көздейді.
Дереккөз: Inform.kz