Алматы мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мен Хатлон облысының төрағасы Саид Давлатали кездесіп, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту және екіжақты келісімшарттарды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 347 миллион долларды құрап, 17,5%-ға өскен. Қалада тәжік капиталының қатысуымен 226 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көтерме-бөлшек сауда, көлік, қаржы операциялары, жылжымайтын мүлікпен операциялар, сондай-ақ кәсіби және сервистік қызметтерді қамтиды.
«Қазір біздің қалада тәжік капиталының қатысуымен 226 кәсіпорын қызмет етеді. Олар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көтерме-бөлшек сауда, көлік, қаржы операциялары және жылжымайтын мүлікпен операциялар, сондай-ақ кәсіби және сервистік қызметтерді қамтиды. Алматы Тәжікстан тауарлары, соның ішінде Хатлон облысының ауыл шаруашылығы өнімдері – жемістер, кептірілген жемістер, жаңғақтар және тау-кен өндірісі өнімдері үшін ірі тұтыну нарығы болып табылады», – деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.
Ынтымақтастықты дамытудағы тағы бір қадам – алматылықтар үшін ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі. Онда тәжік фермерлері өз өнімдерін ұсынды. Қала басшысы мен Хатлон облысының төрағасы «Алматы Арена» кешенінің алдында орналасқан сауда қатарларын аралап, ассортиментпен танысып, өндірушілермен сөйлесті. Жәрмеңкеге 500 тоннадан астам жаңа піскен көкөніс пен жеміс, кептірілген жемістер, жаңғақтар және қолөнер бұйымдары әкелінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өнімдер делдалсыз, тікелей сатылған. Жәрмеңке Хатлон облысының өндірушілері мен Алматының іскер қауымдастығы арасындағы тікелей әріптестікті нығайтуға нақты алаң болды.
Дереккөз: Almaty.tv