Алматыда Бекенбай өзенінің су қорғау аймағында орналасқан жалпы ауданы 7,7 гектардан асатын 17 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бұзушылықтар жер пайдалану мониторингі барысында анықталған. Тексеру кезінде аталған учаскелерге кадастрлық паспорттар ресімдеу кезінде заң бұзушылықтар жіберілгені анықталды. Осыдан кейін Алматы жер ресурстарын басқару департаменті 17 учаскеге сәйкестендіру құжаттарын жою туралы нұсқама берген. Талаптар орындалмаған соң, ведомство Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген.
Сот талапты толық қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енгеннен кейін жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Әкімдікте заңсыз ресімделген жер учаскелерін анықтау және оларды мемлекетке қайтару жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалғасатынын атап өтті.
Дереккөз: Inalmaty.kz