Наурызбай ауданында Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын тұрғындарды превентивті эвакуациялау басталды. Бұл шара сел ағындарының қалыптасу қаупінің сақталуына байланысты қабылданып отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды аудан мектептерінің базасында ашылған халықты қабылдау пункттеріне уақытша орналастырады.
— Жедел штаб жұмыс істеп тұр, азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеуде. 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі ашылды. Төрт қоңырау түсті. Барлық іс-шаралар жоспарлы тәртіпте өткізілуде, жағдай бақылауда, — деп хабарлады министрлікте.
ТЖМ деректері бойынша, Наурызбай ауданындағы гидрологиялық жағдай әзірге тұрақты болып қалуда. Алматы қалалық ТЖД бөлімшелері, бақылау және хабарлау қызметі, сондай-ақ «Қазселденқорғау» авариялық-механикаландырылған бригадасы толық дайындық режиміне көшіріліп, жағдайды тәулік бойы бақылауды жалғастыруда.
Жағдай толық тұрақтанғаннан және қауіп жойылғаннан кейін тұрғындар өз үйлеріне қайта алады. Оралу уақыты туралы оларға қосымша хабарланады.
Бұған дейін ТЖМ Алматының таулы аймақтарында күшті жауын-шашын болжанып, сел ағындарының қалыптасу қаупі сақталатыны туралы ескерткен болатын. Осыған байланысты Наурызбай ауданында жергілікті халықты хабардар ету жүйесі іске қосылды. Бұл шара тұрғындарға жағдайдың нашарлауы мүмкін екендігі туралы уақтылы хабарлауға бағытталған.
Құтқарушылар тұрғындарды сабыр сақтауға, ресми хабарламаларды қадағалауға және төтенше қызметтердің ұсынымдарын орындауға шақырады.
Сонымен қатар, алматылықтар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі үшін ауа райы жағдайы тұрақтанғанға дейін Іле-Алатау тауларына саяхаттау мен демалыстан уақытша бас тартуды сұрайды.
Дереккөз: Inform.kz