...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда Денис Тен мен Хо Ши Мин атындағы көшелер пайда болды

Алматыда 156 атаусыз көше ресми атауларға ие болды. Тиісті бірлескен қаулыны қала әкімдігі мен мәслихат қабылдады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес, жаңа атаулар Алматының жеті ауданында — Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы көшелерге берілді.

Атап айтқанда, Алатау ауданындағы «Нұркент» және «Ботагөз» шағын аудандары арасындағы көшелердің біріне Вьетнамның бұрынғы президенті Хо Ши Миннің есімі берілді. Ал Бостандық ауданындағы «Архат» шағын ауданындағы 7-ші көше енді қазақстандық атақты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің атын иеленді.

Жаңа топонимдер қатарында Қазақстанның ғылым, мәдениет және өнер саласының көрнекті өкілдерінің құрметіне аталған көшелер де бар. Олардың ішінде — театр қайраткері Наталия Сац, академик Әбдуәли Қайдар, ғалым Қайым Мұхамедханов, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов және басқалар.

Танымал тұлғалардың есімдерінен бөлек, бірқатар көшелерге Қазақстанның географиясы мен табиғи мұрасын көрсететін атаулар берілді. Мәселен, Алматы картасында Шаңқобыз, Ақсарай, Жаңаөзен, Ақтау, Үшарал, Бозжыра, Ерейментау және басқа да көшелер пайда болды.

Жаңа атаулардың толық тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады.

Еске салайық, Алматыда Денис Тен атындағы көше пайда болатыны былтыр белгілі болған еді. Сонда қалалық ономастика комиссиясы бұрын атаусыз болған 156 көшеге атау беруді мақұлдаған болатын.

Дереккөз: Inform.kz