...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Әлем

Алматы – Гоа рейсі Делиге шұғыл қонды: жолаушылар ұшақта күтуде

Алматы – Гоа бағытындағы FS7415 рейсінің ұшағы Делиге шұғыл қонды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Оқиға туралы әлеуметтік желілерде жолаушылардың өздері жазды. Threads желісіндегі isataevaalma деген пайдаланушының айтуынша, Үндістан астанасына қонғаннан кейін адамдар әрі қарай нұсқаулық күтіп, ұшақ салонында бір сағаттан астам уақыт отыруға мәжбүр болған.

«Бір жарым сағат ұшақта отырмыз. Отельдерге орналастыруды күтіп отырмыз, өйткені межелі жерге қашан жететініміз белгісіз», – деп жазды жолаушы.

Кейін ахуалды авиакомпания түсіндірді. Онда рейстің Делиге мәжбүрлі қонғаны расталды.

FlyArystan компаниясында ұшу операциялық себептермен кешігіп жатқанын айтты. Сондай-ақ компания жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі басты басымдық болып қалатынын атап өтті.

«Күту уақытында жолаушыларға қонақүйде орналасу және тамақтану қарастырылған. Жаңартуларды қадағалауды сұраймыз. Кестедегі өзгерістер туралы ақпарат брондау кезінде көрсетілген байланыс деректеріне жіберіледі», – делінген FlyArystan хабарламасында.

Сонымен қатар авиакомпания рейстің чартерлік екенін еске салды. Ақшаны қайтару немесе брондауды өзгерту мәселелері бойынша жолаушыларға билет сатып алған жерге тікелей жүгіну ұсынылды.

2026 жылғы 13 қарашада қазақстандықтарға әуежайлардағы негізгі қауіпсіздік ережелері еске сатылған болатын.