
Алматы полициясы кикшеринг компанияларымен бірлесіп, электр самокаттарын пайдалану ережелерін қатаңдатты. Енді өрескел бұзушылықтар үшін самокаттар айыппұл тұрағына жіберіледі, ал бұзушылар жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің Instagram-парақшасында хабарланғандай, кездесуде жол қозғалысы ережелерін бұзу мәселелері – тротуарлармен жүру, жылдамдықты асыру және жаяу жүргіншілерге қолайсыздық тудыратын ретсіз тұрақ талқыланды.
Алматы ПД бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов кикшеринг компанияларына пайдаланушыларды бақылауды күшейту, технологиялар енгізу және бұзушылықтардың алдын алу қажеттігін атап өтті.
«Сондай-ақ арнайы тұрақ аймақтарын ұйымдастыру және самокаттардың ретсіз қойылуына жол бермеу мәселелері қаралды. Көліктердің техникалық жарамдылығы мен пайдаланушылардың ережелерді сақтауы маңызды екені айтылды. Өрескел бұзушылықтар кезінде самокаттар мен басқа да ЖЕҚ айыппұл тұрағына жіберіледі, ал бұзушылар жауапкершілікке тартылады», – делінген полиция хабарламасында.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты күшейтуге және жолдардағы мәдениет пен қауіпсіздікті арттыру үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға келісті.
Бұған дейін Алматыда белгіленбеген жерлерге тасталған электр самокаттарымен қалай әрекет ету керектігі туралы шешім қабылданғаны хабарланған. Сондай-ақ кикшеринг компанияларының көмегімен кәмелетке толмаған пайдаланушылардың аккаунттарын бұғаттау басталды.
Естеріңізге сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда самокат пайдаланушыларға қойылатын талап күшейеді. Енді оларды басқару үшін жүргізуші куәлігі қажет болады.
Дереккөз: Nur.kz