...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы дәрігерлері алғаш рет ұйқы безінің ауыр асқынуын заманауи әдіспен емдеді

Алматылық дәрігерлер ұйқы безінің ауыр асқынуы — панкреонекрозбен ауырған әйелдің өмірін сақтап қалды. №7 қалалық клиникалық ауруханада бірегей операция — ұйқы безінің жалған кистасын эндоскопиялық дренаждау жасалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әйел бұған дейін ұйқы безінің ауыр қабынуы — жедел деструктивті панкреатитті бастан өткерген. Біраз уақыттан кейін оның денесінде «жалған киста» — сұйықтыққа толы қуыс пайда болды. Оның жағдайында бұл іріңдеумен асқынып, қатты ауырсыну, жоғары температура және жалпы әлсіздік байқалды. Қуыстың мөлшері 15 сантиметрге жетті — бұл өте қауіпті жағдай еді.

Пациентті тәжірибелі хирургтер мен эндоскопистердің консилиумы қарады. Дәрігерлер дәстүрлі ашық операция мен заманауи, аз инвазивті әдіс арасында таңдау жасауы керек болды. Клиникалық көрініс, пациенттің жағдайы, КТ деректері және кистаның инфекцияланғанын ескере отырып, аз инвазивті араласу — эндоскопиялық цистогастростомия жасау туралы шешім қабылданды.

— Операция эндоскопиялық жолмен, тіліксіз жасалды. Оны эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Байжанов А. С. орындады. Дренаждық стент орнату арқылы цистогастростома қалыптастырылды, — деді №7 ҚКБ №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі Талғат Байтұрғанов.

Операцияның мәні — дәрігерлер ауыз арқылы енгізілетін арнайы икемді құрал — эндоскопты қолданды. Жабдықтың бақылауымен олар асқазан мен киста қуысы арасында шағын «арна» жасады. Осы арна арқылы жұқа түтікше (стент) орнатылды, ол арқылы кистаның барлық құрамы асқазанға, одан әрі табиғи жолмен шығарылды.

Бұл әдістің басты артықшылығы — сыртқы тіліктердің болмауы. Ол асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді, ауырсынуды азайтады және пациенттің тез сауығуына мүмкіндік береді. Алайда бұл жағдайда операция ерекше дәлдікті талап етті: жалған киста өте үлкен, инфекцияланған және маңызды органдардың жанында орналасқан. Процедура барысында дәрігерлер іріңді құрамның бар екенін растады, бұл жағдайдың ауырлығын көрсетті.

Байтұрғановтың айтуынша, араласудан кейін пациенттің жағдайы тез жақсарған: температура төмендеп, ауырсыну азайып, жалпы әл-ауқаты тұрақталған. Көп ұзамай оны үйіне шығарған. Бұл оқиға аурухана мен қалалық медицина үшін маңызды жетістік болды, өйткені мұндай операция мұнда алғаш рет жасалды.

Дереккөз: Inform.kz