...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы метросына 8 млрд теңгеге платформалық есіктер: тендер неге алынып тасталды

Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі 11 станцияға платформалық есіктер орнатуға арналған лоттың мемлекеттік сатып алу порталынан алынып тасталғанын түсіндірді. Бастапқыда сатып алу сомасы ҚҚС-сыз 8 млрд теңгеден астам болған еді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Хабар» телеарнасының хабарлауынша, жылжымалы платформалық есіктер жолаушылар мен жолдар арасында тосқауыл жасайды: олар пойыз тоқтаған кезде ғана отырғызу және түсіру үшін ашылады. Мұндай шешім 2024 жылғы желтоқсандағы қайғылы оқиғадан кейін қабылданды — сонда «Абай» станциясында зағип ер адам қаза тапты.

NUR.KZ тілшісі метрополитен баспасөз қызметіне сұрау жолдаған. Онда лоттың уақытша алынып тасталғанын, қаржыландыру көлемі әлі нақтыланып жатқанын айтты.

«16 сәуірде мемлекеттік сатып алу веб-порталында Алматы метрополитенінің 11 станциясында автоматты платформалық есіктер жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лот жарияланды. Лот алдын ала жылдық жоспар аясында орналастырылды. 2026 жылы сынақтан өткізу үшін «Абай» станциясына, ал 2027 жылы қалған станцияларға есіктер орнату жоспарланған еді. Бірақ техникалық мамандармен кеңескеннен кейін платформалық есіктерді бірден барлық станцияға орнату қажет деген шешімге келдік», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Олардың айтуынша, есік жабдықтары электропойыздардың жабдықтарымен үйлестірілуі керек, әр жолы бағдарламалық қамтамасыз етуге өзгерістер енгізу «тиімсіз». Сондықтан лотты сатып алудан алып тастап, техникалық сипаттамаға өзгерістер енгізу, қаржыландыру мен құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімдерін Алматы әкімдігімен келісу туралы шешім қабылданды.

Еске салайық, 2024 жылдың соңында жас жігіт вагондар арасына құлап кеткеннен кейін платформаларда қауіпсіздікті арттыру үшін жарнамалық стендтер орнатылған болатын. Бұл уақытша шара екені, ал 2025 жылғы қарашада станцияларға платформалық есіктер орнату туралы шешім қабылданғаны хабарланған. Сондай-ақ, есіктердің биіктігі 180-ден 220 см-ге дейін болуы керек екені айтылған.

Дереккөз: Nur.kz