
Алматыда алғаш рет өткен халықаралық онкологтар конференциясында Қазақстанда соңғы 15 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім айтарлықтай төмендегені айтылды. Бұл ерте диагностиканың арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жыл сайын Қазақстанда 10 мыңға жуық адам қатерлі ісіктен ем қабылдайды. Жаңа жағдайлар саны өсіп жатқанымен, дәрігерлер маңызды оң үрдісті байқап отыр: 15 жыл ішінде қатерлі ісіктен өлім-жітім айтарлықтай азайған. Конференцияға АҚШ, Франция, Испания, Грузия, Египет және басқа елдерден 300-ден астам маман қатысты.
«Ең алдымен, бізде диагностика жақсарды — бірінші сатыдағы ісіктерді анықтау 35%-ға дейін өсті. Екіншіден, жаңа емдеу әдістері мен аппараттар, атап айтқанда, сәулелік терапия құрылғылары енгізілді. Дәрігерлер мен халықтың онкологиялық қырағылығы артты», — деді С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Діләрә Қайдарова.
Шетелдік делегаттар конференцияның жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстанның әлемдік медицина ғылымына интеграцияланудағы прогрессін мақұлдады. Египеттік клиникалық онкология профессоры Мосен Мохтар: «Мен Қазақстанда екінші рет болып отырмын және мұнда болу үлкен мәртебе. Конференцияға әлемнің жетекші онкологтары жиналды, онкология саласындағы үздік баяндамалар ұсынылды. Бұл бүкіл медициналық қоғамдастық үшін маңызды оқиға», — деді.
Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық дәрігерлер озық клиникалық зерттеулерге қол жеткізіп, нәтижелері отандық тәжірибеге енгізілетін болады.
Дереккөз: Almaty.tv