...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда мәдениет қызметкерлеріне «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Онда саланың 47 көрнекті өкілі — танымал әртістер, музыканттар, мұражай, театр, концерттік ұйымдар қызметкерлері мен кітапханашылар мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов салтанатты шарада «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ ведомстволық төсбелгілер, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыс етті. Лауреаттардың айтуынша, жарқын өнер мен әдемі экспозициялардың артында үлкен, көзге көрінбейтін еңбек жатыр.

«Біздің еңбегіміз әрдайым байқала бермейді. Көрермен бізді сахнада музыкант, әртіс ретінде көреді, бірақ соның артында қаншама еңбек, репетициялар жатқанын аз адам біледі. Бүгін мен «Ерен еңбегі үшін» медалін алдым — бұл мен үшін үлкен қуаныш», — деді музыкант Абзал Арықбаев.

Алматы — Қазақстанның басты мәдени және рухани орталығы. Мұнда ондаған театр, бірегей мұражайлар, заманауи галереялар мен креативті кеңістіктер жұмыс істейді. Өткен жылы қалалық кітапханалар 5 миллионнан астам оқырман қабылдаса, алматылық мұражайларға 800 мыңға жуық адам келген. Бүгінгі марапаттау мемлекеттің әрбір маманның еңбегін жоғары бағалайтынын көрсетті.

«Мұражай — тарих пен мәдениеттің нағыз қазынасы. Біз мемлекет басшылығына саланы қолдағаны үшін ризамыз. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ мүмкін емес. Мәдени мұраны сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Мұражай қызметкерінің еңбегін тану — бұл жай ғана марапат емес, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс белгісі», — деді А. Байтұрсыновтың үй-мұражайының директоры Райхан Имаханбет.

Дереккөз: Almaty.tv