...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қалдықтарды кәдеге жарату зауытының құрылысы 29 мамырда басталады

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Дай Даомен кездесті. Бұл – Қытайдың қалдықтарды энергияға айналдыру саласындағы жетекші компанияларының бірі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Кездесу бұған дейін болған диалогтың жалғасы, нәтижесінде Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату туралы инвестициялық келісім жасалды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 145,5 млрд теңгені құрайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау басым бағыттардың бірі екенін айтты. Осыған орай Үкімет экологиялық жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды инвестициялар мен озық технологияларды тарта отырып іске асыруды міндеттеп отыр.

«Елдеріміздің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин – экономикалық қарым-қатынастарды дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер жасап отыр. Қытай Халық Республикасы біздің негізгі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Біз Hunan компаниясының қазақстандық нарыққа келуін құптаймыз және бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Өткен жылғы кездесуімізде осы маңызды жобаға жақсы серпін берілді», — деді Олжас Бектенов.

Басқарма төрағасы Дай Дао құрылыстың 29 мамырда басталатынын хабарлады. Нысанды пайдалануға беру екі жыл ішінде жоспарланған. Жоба қатты тұрмыстық қалдықтарды электр энергиясына айналдырудың заманауи үлгісін енгізуді көздейді. Зауыт іске қосылғанда CO₂ шығарындыларын жылына шамамен 200 мың тоннаға азайтуға, полигон көлемінен жылына 800 мың текше метр үнемдеуге және «жасыл» энергияны тұрақты өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықты өңдеп, 60 МВт электр энергиясын өндіре алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 уақытша, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Біз екі жыл ішінде барлық жұмысты толық аяқтайтынымызға сенімдіміз. Қазақстан Президенті мен Үкіметі тарапынан елдің «жасыл» дамуына байланысты үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын білеміз. Біз Қазақстанның «жасыл» дамуына және инвестиция тартуға нақты үлес қосатын ірі жобаға айналуға ұмтыламыз», — деді Дай Дао.

Жоба аясында үш «жасыл» орталық құру жоспарланған, олар сенімді электрмен жабдықтауды, цифрлық шешімдер үшін энергияны пайдалануды және қысқы кезеңде өнеркәсіптік тұтынушылар мен қала қажеттіліктеріне таза жылу беруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, технологияларды енгізуге, қосалқы бөлшектер өндірісін жергіліктендіруге, жергілікті мамандарды даярлауға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған үш база құру көзделген.

Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Дереккөз: Almaty.tv