
Алматыдағы үйдің кіреберісіндегі бейнекамераға лифт ішінде қызға дене жарақатын салған ер адам түсіп қалды. Полиция күдіктіні анықтап, ұстады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Instagram-дағы kris_p_almata парақшасында Алматыдағы үйдің кіреберісіндегі бейнекамера жазбасы жарияланды. Кадрлар мен куәгерлердің айтуынша, ер адам алдымен лифт маңында агрессия танытып, шақыру түймесін бүлдірген. Содан кейін лифт кабинасында жанында тұрған қызға шабуыл жасаған.
NUR.KZ тілшісі Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінген. Онда бұл факті бойынша Алатау ауданы Полиция басқармасы қызметкерлері шұғыл шара қолданғанын хабарлады.
«26 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Ол қоғамдық орында агрессивті мінез танытып, қызға дене жарақатын салған. Дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің әрекеттеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы аясында толық құқықтық баға беріледі», — делінген Алматы ПД хабарламасында.
Сонымен қатар, ер адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы полициясы азаматтарды бейжай қалмай, құқық бұзушылық фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады.
Дереккөз: Nur.kz