Алматы қалалық мәслихаты мегаполисте иттер мен мысықтарды ұстау және серуендетудің жаңа қағидаларын бекітті. Жаңа ережелерге сәйкес, үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейді, ал иттерді серуендету кезінде қарғыбау мен тұмылдырық тағу міндеттеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мәслихаттың кезекті сессиясында үй жануарларын ұстау және серуендетудің жаңа қағидалары бекітілді. Сонымен қатар, мәслихат 2023 жылғы үй жануарларын ұстау және серуендету туралы шешімді және 2015 жылғы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою туралы ескі қағидаларға өзгерістер енгізген құжатты күшін жойды деп таныды.
Үй жануарлары иелері үшін басты өзгерістердің бірі – өз үй жануарының өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктің күшеюі. Жаңа қағидаларға сәйкес, үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Қарау мүмкін болмаған жағдайда, иесі немесе жауапты тұлға жануарды уақытша паналау үйіне орналастырады, не үшінші тұлғаларға береді немесе зоологиялық қонақүйге орналастырады.
Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда, иесі және жауапты тұлға жануарды одан әрі орналастыру шараларын қабылдайды. Жануардан бас тарту иесінің міндеттерін тоқтатпайды, басқа тұлға оған меншік құқығын алғанға дейін. Иттер өздігінен серуендеуін және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауын болдырмайтын жағдайларда ұсталады. Мұндай жағдайлар болмаған кезде ит вольерде немесе байлауда болады, — делінген құжатта.
Жаңа қағидаларда үй жануарларын ұстаушылар мен олар жоқ адамдардың бірге өмір сүруіне арналған бөлек блок бар. Ережеге сәйкес, иесі және жауапты тұлға адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмейтін және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жағдайларды қамтамасыз етеді. Үй жануарларын серуендету адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкін қорғауды қамтамасыз ету шартымен жүзеге асырылады.
Иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және 1,5 метрден асатын қарғыбаусыз серуендетуге жол берілмейді, егер жануар иесіне тиесілі қоршалған аумақта болмаса. Қалған үй жануарларын серуендету кезінде келесі талаптар сақталады: ит қоғамдық орындарда екі метрден аспайтын қарғыбауда болады; тұмылдырық итті тасымалдау кезінде, адам көп жиналған жерлерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда кигізіледі; мысықтар шлейка мен қарғыбауда серуендетіледі; көшеден өткенде, магистральдарға жақын жерде жануар 1,5 метрден аспайтын қысқа қарғыбауға алынады; иесі итті 1,5 метрден аспайтын қысқа қарғыбауда және тұмылдырықта ғимараттың жанында қалдыра алады; ит серуендеуге тыйым салынған жерлерде иесі аумақты тұмылдырықпен және қысқа қарғыбаумен кесіп өте алады; иттерді еркін серуендету арнайы бөлінген алаңдарда ғана рұқсат етіледі.
Дереккөз: Inform.kz