
Алматыда жер сілкінісі кезіндегі әрекеттерге дайындықты пысықтау мақсатында жалпықалалық сейсможаттығу өтті. Жаттығуға 150 бірлік арнайы техника мен мыңнан астам қызметкер жұмылдырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Таңертең алматылықтардың көпшілігі дабыл сиренасы мен ұялы телефондарына келген push-хабарламадан оянды. Осы сигнал бойынша мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен ірі сауда орталықтарынан шұғыл эвакуация ұйымдастырылды. Шартты төтенше жағдайды жоюға 150 бірлік арнайы техника мен мыңнан астам жеке құрам тартылды.
«Сағат 11:00-де сирена кезінде сценарий іске қосылды. Авариялық-құтқару шаралары жүргізілді. Зардап шеккендерге көмек көрсетілді, соның ішінде медициналық көмек және дүмпулер қайталанған жағдайда баспана беру де қарастырылды», — деді ТЖД бастығының орынбасары Ануар Юсупов.
Негізгі алаң салынып жатқан тұрғын үй кешенінің аумағы болды. Мұнда ТЖ қызметкерлері стихия салдарын барынша шынайы етіп көрсетті: өрт сөндірушілер биік ғимараттардағы өрттерді сөндірді, кинологтар мен құтқарушылар үйінділерді тазалады, альпинистер адамдарды жоғарғы қабаттардан эвакуациялады.
Құтқару жұмыстарымен қатар Алматының әр ауданында зардап шеккендерді қабылдау пункттері ашылды. Бұл шатырлы қалашықтар мен арнайы дайындалған ғимараттар сценарий бойынша баспанасыз қалғандарға арналған.
«Бұл жаңа мектеп. Ол зардап шеккендерді қабылдау пункттерінің бірі болып табылады. Құрылымы берік, ғимарат жер сілкінісіне төтеп бере алады. Адам қай ауданнан келгені маңызды емес — егер баспана қажет болса, біз бас тартпаймыз. Бұл Алматы тұрғындары немесе басқа қалалардан келген қонақтар болуы мүмкін», — деді зардап шеккендерді қабылдау пунктінің бас маманы Есболат Уәлиев.
Мұндай жаттығулар мегаполисте тұрақты түрде өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — төтенше жағдайлар қызметтерінің үйлесімді жұмысын жетілдіру және қала тұрғындарына нақты қауіп төнген кезде өмірді сақтауға көмектесетін әрекет алгоритмін үйрету.
Дереккөз: Almaty.tv