...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда психологиялық көмектің бірыңғай қысқа нөмірі — 1303 іске қосылды

Алматыда Психикалық денсаулық орталығының базасында тәулік бойы тегін және анонимді шұғыл психологиялық көмек қызметі жұмыс істейді. Енді қала тұрғындары үшін бірыңғай қысқа Сенім телефоны нөмірі — 1303 енгізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының (ҚДСБ) бас штаттан тыс психиатры Нәби Есімов медициналық ұйымдардың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде мәлімдеді. Кеңесті ҚДСБ басшысы Марат Пашимов төрағалық етті. Бұған дейін тұрғындар ұзын қалалық және ұялы нөмірлерге хабарласқан. Психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру және жедел байланысты қамтамасыз ету үшін қысқа әрі оңай есте қалатын 1303 нөмірін енгізу туралы шешім қабылданды. Қосымша байланыс желілері жұмысын жалғастыруда: +7 (727) 376-56-60 және +7 708 983 28 63.

Кеңес барысында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және халықты қолдау шараларына ерекше назар аударылды. Алматыда жасөспірімдер мен ересектер арасында суицидтің алдын алу және аутодеструктивті мінез-құлықты ерте анықтау бағдарламалары іске асырылуда. Марат Пашимов уақтылы психологиялық көмек пен қолдауға жылдам жүгіну мүмкіндігі халықтың психикалық денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Психикалық денсаулық мәселелерінен бөлек, кеңесте қалалық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық нысандардың инфрақұрылымының жай-күйі, күрделі жөндеу мәселелері, сондай-ақ халықты вакцинациялау көрсеткіштері талқыланды. Иммунизация мәселелері бойынша Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова баяндама жасады. Қызылша, қызамық, паротит, адам папиллома вирусына қарсы профилактикалық екпелердің қамту деректері, сондай-ақ дифтерия, көкжөтел, сіреспе, В вирустық гепатиті, полиомиелит және гемофильді инфекцияға қарсы вакцинация көрсеткіштері айтылды. Жекелей қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі адамдарды медициналық қамтамасыз ету мәселелері қаралды, онда консультациялар, диагностика, профилактикалық тексерулер мен скринингтер жүргізіледі.

Дереккөз: Almaty.tv