
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен иесіз және жеке электр желілерін коммуналдық меншікке беру және электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кеңесте жеке электр желілерін пайдаланудағы жүйелі проблемалар, жиі үзілу себептері және жинақталған мәселелерді кезең-кезеңмен шешу шаралары қаралды. Қаладағы жеке электр желілерінің едәуір бөлігінің тозу деңгейі жоғары және тиісті техникалық қызмет көрсетілмейді. Бұл апаттық үзілістерге, кернеудің ауытқуына және тұрғындардан түсетін өтініштердің өсуіне әкеледі.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (АЖК) деректері бойынша, жеке желілердің тозу деңгейі кейбір жағдайларда 80%-дан асады. Жеке желілердің есепке алу және баланстық тиесілілігінің ашық жүйесінің жоқтығы оларды пайдалану мен жаңғыртуды қиындатады. Соңғы алты айда жеке желілерде 295 үзіліс болды, бұл Алматы бойынша жалпы үзілістердің шамамен 45%-ын құрайды.
Наурызбай, Бостандық, Медеу және басқа аудандардағы үзілістер көп тіркелген проблемалық учаскелер бөлек қаралды. Әкім қаласы ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, иесіз желілерді коммуналдық меншікке қабылдау жұмысын жеделдетуді, кейін оларды АЖК-ға пайдалануға беруді тапсырды.
Басымдық ретінде тұрғын үй кешендері, апатты учаскелер және әлеуметтік маңызы бар нысандар анықталды. Сондай-ақ желілердің тиесілілігін анықтаудың, жеке шоттар ашудың және одан әрі пайдалануды сүйемелдеудің бірыңғай тетігін әзірлеу тапсырылды.
Жұмысқа әкімдіктің профильді басқармалары, энергетикалық қадағалау органдары, қала прокуратурасы және АЖК қатысады. Кеңес қорытындысы бойынша бұл шаралар апаттылықты төмендетуге, электрмен жабдықтау сапасын арттыруға, желілердегі шығындарды азайтуға және қала тұрғындары арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv