...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Асанали Әшімовтің соңғы спектаклі және «Үздік логотип» байқауының жеңімпазы анықталды

Асанали Әшімов атындағы театрда Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанали Әшімовтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Тағдыр тақтасы» атты автобиографиялық драма қойылымы өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қойылым сахна шеберінің шығармашылық шыңдарын ғана емес, оның ішкі толғаныстарын, өмірлік сынақтарын және тағдырлы сәттерін көрсетті. Спектакль көрермендер үшін өткен мен бүгін арасындағы бірегей саяхатқа айналып, ұлттық театр өнерінің мәнін терең сезінуге мүмкіндік берді. Күшті драматургия, жоғары актерлік шеберлік және терең сахналық бейнелердің арқасында қойылым көрермендердің жылы ықыласына бөленді.

Бұл спектакль театр тарихындағы ерекше қойылымдардың бірі саналады, себебі ол Асанали Әшімовтің сахнаға соңғы рет шығуы болды. Қойылым көрермендерге көрнекті өнер қайраткерінің тағдыры мен рухани әлемін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Спектакльден кейін театр өміріндегі тағы бір маңызды оқиға — «Үздік логотип» байқауының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Байқау театрдың жаңа брендингін жасау мақсатында ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден астам адам қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Жетісу облысы, І. Жансүгіров ауылының тұрғыны Пазылжан Ұлас жеңіп алды. Жеңімпазға «Үздік логотип» номинациясы бойынша 100 000 теңге көлемінде арнайы сыйлық табысталды.

Жаңа логотип театрдың жаңарған келбетінің, рухани құндылықтардың сабақтастығының және ұлттық өнерге деген құрметтің символына айналды. Бұл бастама театрдың шығармашылық дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.

Дереккөз: Almaty.tv