...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда бірқатар көшеде бір бағытты қозғалыс енгізіледі

25 маусымнан бастап Алматыда Алмалы ауданының көше-жол желісінің бірнеше учаскесінде бір бағытты қозғалыс енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық жол қозғалысын және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, өзгерістер Алматы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп іске асырылады. Олар көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, көлік жүктемесін азайтуға және жолдардағы қақтығыс жағдайларының санын қысқартуға бағытталған.

Шешім көлік жағдайын талдау нәтижелері бойынша, сондай-ақ аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып қабылданды. Жаңа схема көлік қозғалысын ретке келтіріп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бір бағытты қозғалыс пилоттық режимде енгізілетіні атап өтілді. Қабылданған шаралардың тиімділігін бақылау және бағалау қорытындысы бойынша осы учаскеде жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша одан әрі шешімдер қарастырылатын болады.

Жаңа схема бойынша бір бағытты қозғалыс келесі учаскелерде ұйымдастырылады:

  • Кіші Абай көшесінде Прокофьев көшесінен Брусиловский көшесіне дейінгі учаскеде шығыс бағытта;
  • Түркебаев көшесінде Сәтпаев көшесінен Төле би көшесіне дейінгі учаскеде солтүстік бағытта.

Еске сала кетейік, 18 маусымнан бастап Алматыда Медеу ауданында Достық даңғылы бойынша Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейінгі учаскеде солтүстік бағытта, сондай-ақ Зенков көшесі бойынша Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі учаскеде оңтүстік бағытта бір бағытты қозғалыс енгізілді.

Сонымен қатар, Әуезов ауданында Атамекен көшесі бойынша №103 үйден №108 үйге дейінгі учаскеде оңтүстік бағытта бір бағытты қозғалыс ұйымдастырылған.

Сондай-ақ 20 маусымнан бастап Алматыда Саин көшесінде Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі учаскеде пилоттық режимде қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақ жұмыс істей бастайды.

Дереккөз: Inform.kz