...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қоғам

Курьер әйелдің отбасы Алматыдан кетті, бірақ қысым болған жоқ – Еңбек министрлігі

Әлеуметтік желіде нәрестесімен жұмыс істеп жүрген курьер әйелдің суреті резонанс тудырған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев сенат кулуарында бұл отбасы Алматыдан кеткенін, алайда оларға ешқандай қысым болмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Вице-министрдің айтуынша, жарияланым шыққаннан кейін Алматы қаласының әлеуметтік қорғау басқармасы дереу отбасымен байланысып, жұмысқа орналастыру шараларын ұсынған. «Біз әлеуметтік қорғау басқармасы ретінде бірден үйлеріне барып, жұмысқа орналастыру шараларын ұсындық. Отбасы бас тартты», – деді Тұяқбаев.

Кейін отбасы Алматыдан өз еркімен кетіп, қазір Шымкентте тұрады. «Өз еркімен Алматы қаласын тастап кетті, қазір Шымкентте тұрады, бұрынғыдай. Қысым болған жоқ. Олар ата-аналарымен бірге осындай шешім қабылдады», – деді вице-министр. Оның сөзінше, ведомство көшіп кету себебін білмейді. «Неге көшкенін, себебін білмейміз. Бұл отбасылық келісім. Мүмкін ата-аналары қайта шақырған болар. Бірақ кеше Шымкент әлеуметтік қорғау басқармасы бұл ақпаратты растады. Ешқандай қысым болған жоқ», – деп қосты ол.

Еске салайық, бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде нәрестесімен тамақ жеткізуші болып жұмыс істеген әйелдің суреті жарияланған еді.

Дереккөз: Nur.kz