Алматыда Клочков көшесіндегі бесқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде күшті өрт шықты. Тілсіз жау пәтерді толық шарпып, қою түтін үйдің тұрғындарына қауіп төндірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Бостандық ауданының өрт сөндіру бөлімшелері жедел түрде оқиға орнына жеткен. Өрттің қарқынды жануы салдарынан қою түтін тез тарап, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген.
«Бірінші бөлімшелер келген кезде пәтердің толық өртке оранғаны анықталды. Өрт ошағына қол жеткізу үшін құтқарушылар арнайы құралмен құлыпталған есікті ашуға мәжбүр болды», – делінген ведомство хабарламасында.
Құтқару жұмыстары барысында ТЖМ қызметкерлері үй тұрғындарын қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Құтқару капюшондарын қолдана отырып, түтінденген аймақтан 8 адам құтқарылып, оның екеуі жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Дереккөз: Nur.kz