Алматының Түрксіб ауданындағы «Маяк» көлінде балық аулап отырған ер адам судан оқ-дәрі салынған сөмке тауып алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға күндізгі сағат 17:30 шамасында болған. «102» пультіне табылған зат туралы хабарлама түскен. Ер адам қалалық көлде қармақ салып отырып, ілгектің ауыр затқа ілінгенін сезген. Ол қармақты тартқанда судан ішінде оқ-дәрі бар сөмкені шығарып алған.
Оқиға орнына Түрксіб ауданы полиция басқармасының жедел-тергеу тобы дереу келді.
— Оқ-дәрілер алынды. Баллистикалық сараптама тағайындалды. Мамандар табылған оқ-дәрілердің шығу тегі мен тиесілілігін анықтауы керек, — деді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Шымкенттен Жезқазғанға ұшу алдында оқ-дәрі табылғаны еске түседі. Әйел оның сөмкесіне қалай түскенін білмейтінін айтқан.
