
Алматы полициясы автокөлік багажынан қаруға ұқсас заттарды анықтады. Тінту қала шетінде оңтүстік астанаға кіре берісте жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматыдағы «Рубеж» стационарлық бекеттерінің бірінде полиция қызметкерлері Mercedes автокөлігін тоқтатты, оның рулінде 45 жастағы ер адам болған. Көлік құралын тексеру барысында багаж бөлігінде қару мен арнайы құралдарға құрылымдық ұқсас заттар табылып, алынды.
— Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алынған заттардың шығу тегі мен мақсатын анықтауға бағытталған сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Бұған дейін ҚР Бас көлік прокуратурасы азаматтарды заңсыз сақталып жатқан қару мен басқа да тыйым салынған заттарды ерікті түрде тапсыруға шақырған болатын.
Дереккөз: Inform.kz