
Алматы қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы автобус жүргізушілерінің жиі жіберетін бұзушылықтарын атады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алматы қаласының ЖҚҰО» ЖШС бақылау-желілік мониторинг қызметінің жетекшісі Азат Тілеубаевтың мәліметінше, наурыз айынан бастап қоғамдық көлік жұмысын бақылаудың жаңа жүйесі бойынша пилоттық жоба басталғалы 989 бұзушылық анықталған. Олардың қатарында рульде ұялы телефон пайдалану, аялдамаларға кірмеу, билет бермей қолма-қол ақша алу және жолаушыларға қызмет көрсету ережелерін бұзу бар.
— Біз қала басшылығының тапсырмасы бойынша қоғамдық көлік жұмысына жүйелі мониторинг жүргіземіз. Тек жол ақысын төлеу ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, автобустардың санитарлық жағдайы, аялдамалардың сақталуы және жүргізу мәдениеті де бақыланады. Әр жүргізуші рейске шығар алдында медициналық куәландырудан өтеді. Егер жүргізушінің қысымы жоғары немесе басқа қарсы көрсетілімдер болса, оны жұмысқа жібермейді, — деді Азат Тілеубаев.
Басқармада бұзушылықтар саны біртіндеп азайып келе жатқанын, бірақ жүргізушілерге шағымдар көп екенін мойындайды.
— Біздің жүргізушілер таңертеңнен кешке дейін үлкен автобустарды қаланың тығыз ағынында басқарады. Бұл ауыр жұмыс, оның үстіне олар күн сайын көптеген адамдармен қарым-қатынас жасайды. Жолаушылар тарапынан да жиі арандатулар мен дөрекі қарым-қатынас болады. Бірақ соған қарамастан, жүргізуші кәсіби мінез-құлықты сақтап, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге міндетті деп есептейміз, — деп атап өтті басқармада.
Барлық жүргізушілер жұмысқа орналасу алдында қажетті құжаттарды, оның ішінде наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерден анықтамаларды тапсыруға, сондай-ақ Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес тексеруден өтуге міндетті.
Бұған дейін Алматыда BRT желісі Тимирязев көшесінен алынып, бөлінген жолақтар әл-Фараби даңғылына қойылатыны хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz