
Алматыда 1 маусымнан 15 маусымға дейін «Алматы Жастары» жеңілдікті тұрғын үй несиелеу бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылданады. Жас қала тұрғындары жылдық 5% мөлшерлемемен тұрғын үй сатып алуға несие рәсімдей алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өтінімді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй қызметтері» — Almaty Jastary бөлімі арқылы беруге болады. Құжаттарды қабылдау 1 маусым сағат 9:00-де басталып, 2026 жылғы 15 маусым сағат 18:00-де аяқталады. Порталға кіру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.
Бағдарлама шарттары бойынша несиенің ең жоғары сомасы 20 миллион теңгеге дейін жетеді. Пайыздық мөлшерлеме жылдық 5% деңгейінде белгіленген, бастапқы жарна 10%-дан басталады. Қатысушылар бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып ала алады.
Бағдарламаға Алматыда тұратын 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Міндетті талаптардың қатарында қалада кемінде бір жыл тұрақты тіркелу, өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде меншігінде тұрғын үйдің болмауы, сондай-ақ Алматыда кемінде алты ай зейнетақы аударымдарымен ресми еңбек өтілінің болуы бар.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ғылым, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасына қатысушыларға арналған.
Қосымша ақпаратты +7 (727) 225-14-57 телефоны арқылы алуға болады.
Дереккөз: Inalmaty.kz