...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы жедел жәрдем фельдшері науқасқа қысым көрсетті деген ақпараттан кейін полицияға арызданды

Алматы жедел жәрдем қызметінің фельдшері әлеуметтік желілерде шақыру кезінде науқас әйелге қысым көрсетті деген ақпарат тараған соң, арыз-шағыммен полицияға жүгінді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қалалық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, осы факті бойынша ішкі қызметтік тексеру жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша интернетте жарияланған ақпарат расталмаған.

«Шақыру орнына келгенде науқас әйелге бекітілген медициналық хаттамаларға сәйкес алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ науқас әйелге ауруханаға жатқызу ұсынылды, бірақ ол бас тартты. Жүрек патологиясын болдырмау үшін және науқас әйелдің шағымдарын ескере отырып, фельдшер электрокардиография (ЭКГ) жасады. Қарап-тексеруден кейін актив тіркелген жері бойынша емханаға берілді», — деп хабарлады Алматы жедел жәрдем қызметі.

Қызмет өкілдерінің айтуынша, шақыру кезінде науқас әйелдің орынсыз мінез-құлқына байланысты фельдшер 102 нөміріне полиция шақырып, сол жерде арыз жазған.

Жедел жәрдем қызметінің ақпараты бойынша, медицина қызметкері жедел жәрдем қызметінде алты жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде пациенттер тарапынан оған ешқандай шағым түспеген. Фельдшер үйленген және кішкентай баласын тәрбиелеп отыр.

«Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарағаннан кейін медицина қызметкері өзінің абыройы мен іскерлік беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінді», — делінген хабарламада.

Дереккөз: Nur.kz