Алматы полицейлері есірткі таратуға күдікті әйелдің әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының Полиция департаменті Instagram-парақшасында 2,5 келі есірткі мен жүздеген дайын закладканың тәркіленгенін хабарлады.
Арнайы операция Түрксіб ауданында өтті — полиция мәліметінше, есірткі сату схемасында «қойма» рөлін атқара алатын әйел ұсталды.
«Жеке тінту кезінде одан ұялы телефон табылды. Негізгі табылған заттар көлікте болды. Полицейлер құрамында есірткі бар 50 ораманы, сондай-ақ ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше ірі қаптаманы тәркіледі. Тәркіленген заттардың жалпы массасы 2,5 келі болды. Сонымен қатар, зип-пакеттер мен изолента табылды — есірткіні одан әрі сатуға дайындау үшін қажеттінің бәрі», — деді полицияда.
Алматы полиция департаментінде ұсталған әйел бұрын жасаған тайниктерінің орнын көрсеткенін айтты. Нәтижесінде жедел қызметкерлер есірткі заты бар тағы 150 ораманы тауып, тәркіледі.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған әйел есірткінің заңсыз айналымына қатысқан. Оның рөлі ірі партияларды қабылдау, сақтау, бөлшектеу және кейіннен курьерлерге тапсыру үшін «мастер-кладтар» дайындау болды. Тәркіленген заттар сот сараптамасына жіберілді», — деп нақтылады полицияда.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
