...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Абай даңғылындағы мейрамхана жанындағы қорқынышты декорация тұрғындарды үркітті

Алматыдағы бір мейрамхана жанында адам денесіне ұқсайтын қара пакет түріндегі декорация қала тұрғындарын үркітіп, әлеуметтік желіде талқыға түсті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Аталған сурет кеше Threads әлеуметтік желісінде жарияланған. Онда Абай даңғылы бойындағы мейрамханалардың бірінің маңында түсірілген кадр көрсетілген: қара пакет бүйірінен адам денесіне ұқсайды.

Пікір қалдырушылар бұл Хэллоуин мерекесіне арналған безендіру болуы мүмкін деп болжады. Алайда кейбіреулері бұл идеяны құптамай, көпшілігін қорқытқанын жазды.

Алматы полициясы бұл жарияланымға нақты жауап берді. NUR.KZ тілшісіне Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі тексеру барысында учаскелік инспектор мейрамхана жанынан күдікті затты анықтағанын хабарлады.

«Пакеттің ішін қарау кезінде пластик материалдар табылды. Адам денесінің бар екендігі туралы мәліметтер расталмады. Затты мейрамхана иесі Хэллоуинді мерекелеуге арналған безендіру элементі ретінде дайындағаны анықталды. Иесімен түсіндіру әңгімесі жүргізілді», — деп түсіндірді полицияда.

Полиция азаматтарға қоғамдық орындарды безендіру кезінде келушілер мен айналадағы адамдардың реакциясын ескеру қажеттігін еске салды. Төтенше жағдай немесе адам өмірі мен денсаулығына қауіп ретінде қабылдануы мүмкін декоративтік элементтер негізсіз үрей тудырып, жалған ақпараттың таралуына әкелуі мүмкін.

«Азаматтарды және бизнес өкілдерін осындай шешімдерге жауапкершілікпен қарауға, халық арасында дүрбелең немесе алаңдаушылық тудыруы мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырамыз», — деп қосты Алматы полиция департаментінде.