Алматыда абаттандыру ережелерін сақтау бақылауы күшейтілді. Жыл басынан бері бұзушылықтар үшін 111 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалада абаттандыру ережелерінің сақталуы бақыланып жатыр. Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері заңды тұлғалар 8 972 абаттандыру паспортын ресімдеп, жоспарланған көрсеткіштерден асып түскен.
«Абаттандыру паспорты іргелес аумақты күтіп-ұстауға жауапкершілікті бекітеді», — деп түсіндірді ведомствода.
Алғашқы алты айда мамандар 5 мыңға жуық ауызша ескерту жасаған. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 9 679 әкімшілік материал ресімделіп, жалпы айыппұл сомасы 111,9 млн теңгені құраған.
Әкімнің тапсырмасы бойынша паспорттандыру науқаны қайта жандандырылып, қосымша 672 абаттандыру паспорты ресімделген.
«Осы кезеңде 547 әкімшілік материал жасалып, айыппұл сомасы 12,7 млн теңгеден асты», — деп хабарлады басқармада.
Ведомство мұндай шаралар нысан иелерінің іргелес аумақтарды күтіп-ұстау және қалада тәртіп сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Дереккөз: Nur.kz
