...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда 594 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды

Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 шағын ауданында 594 пәтері бар тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен аудан әкімі Нәзира Тоғызбаева БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізіп, нысандарды аралады. Бірінші кезекте журналистер Қалқаман-2 шағын ауданындағы тұрғын үй кешенін көрді. Мұнда 2029 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында халыққа қызмет көрсету нысаны бар көп пәтерлі тұрғын үй салу жобасы жүзеге асырылуда.

2024 жылдың сәуірінде басталған жобаның бас мердігері – «ҚазҚұрылысПодряд» ЖШС. Нысанды биылғы тамызда тапсыру жоспарланған. Қазір жеті үйде ауданы 34 мың шаршы метрден асатын 594 пәтер дайын. Оның ішінде 184 бір бөлмелі, 248 екі бөлмелі және 162 үш бөлмелі пәтер бар. Ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған, аумақты абаттандыру басталған.

«Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, сапалы әрі қолжетімді инфрақұрылым мен қолжетімді тұрғын үй салу басым бағыт болып отыр. Наурызбай ауданында соңғы бес жылда әлеуметтік осал топтарға ғана 5600-ден астам пәтер берілді. Соңғы үш жылда бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсырдық. Соның ішінде 710 мың шаршы метрден астамы – эконом-класс санатындағы тұрғын үй», – деді аудан әкімі.

«ҚазҚұрылысПодряд» ЖШС өкілі Диас Қабдығалиев пәтерлердің қолайлы екенін, әр үйде жолаушы мен жүк лифтісі орнатылғанын, пәтерлер әрлеп тапсырылатынын айтты. Нәзира Тоғызбаева ауданда 176 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатқанын, жалпы көлемі 443 мың шаршы метр, 6165 пәтер бар екенін мәлімдеді. Биыл эконом-класс санатындағы 64 үй пайдалануға беріледі, бұл 208 мың шаршы метр тұрғын үй, нәтижесінде 3625 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.