Алматыда Халықаралық жастар күніне орай ALMA LOVE фестивалі басталды. Он күн бойы қала тұрғындарын білім беру форумдары, экологиялық акциялар, спорттық турнирлер, шығармашылық жобалар, кино көрсетілімдер мен концерттер күтіп тұр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Фестиваль «Қала сенен басталады. Город начинается с тебя» ұранымен өтіп жатыр. Бағдарлама туралы Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының өкілдері мен Tulga Foundation қоғамдық қорының өкілдері қалалық коммуникациялар аймақтық қызметінің алаңында айтып берді.
Қазіргі уақытта Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 770 мыңға жуық жас тұрады. Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Әзіз Қажденбектің айтуынша, ALMA LOVE 2026 бағдарламасы мемлекет басшысы белгілеген негізгі құндылықтарға негізделген: «Заң және тәртіп», «Тыңдайтын мемлекет», «Әртүрлі көзқарастар – біртұтас ұлт», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан». Фестивальдің әрбір іс-шарасы осы идеологемалардың бірін көрсетіп, азаматтық жауапкершілік, заңға құрмет, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық белсенділікті қалыптастыруға бағытталған.
Фестивальді ашқан EcoVibe экологиялық челленджі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдап, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Level Up интеллектуалдық ойындары мен ALMA LOVE Talks жастар форумы білімге қызығушылықты, сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға бағытталған. Бұл алаңдар жастарды кәсіпкерлермен, ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен біріктіреді.
Avenue Talent шығармашылық алаңы жас музыканттарға, ақындарға, суретшілер мен бишілерге өзін танытуға мүмкіндік береді. Бұл бағыт мәдени әртүрлілік пен «Әртүрлі көзқарастар – біртұтас ұлт» идеясын ілгерілетеді.
Бағдарламада Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі мен «Абай на набережной» мәдени-ағарту жобасы ерекше орын алады. Бұл іс-шаралар ұлттық мұраны насихаттауға, тарихи жадыны нығайтуға және дәстүрлі құндылықтарға құрметті арттыруға бағытталған.
Әзіз Қажденбектің сөзінше, UNICEF Жастар форумы – 2026 халықаралық жастар форумын өткізу халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды қадам болады. Бұл Алматының Орталық Азиядағы жетекші жастар орталықтарының бірі ретіндегі позициясын күшейтеді.
Tulga Foundation қоғамдық қорының төрағасы Мейіржан Келемеденов фестиваль жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына және белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, фестивальдің басты міндеттерінің бірі – жастар мен қала арасындағы байланысты қоғамдық, білім беру және мәдени бастамаларға қатысу арқылы нығайту.
ALMA LOVE 2026 12 тамызда «Шабыт» жазғы амфитеатрында үлкен мерекелік концертпен аяқталады. Салтанатты шара барысында қаланың ең белсенді жастары марапатталады, ал сахнада танымал қазақстандық әртістер өнер көрсетеді.
Дереккөз: Zakon.kz
