...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда 2026–2028 жылдарға арналған экологиялық жоспар бекітілді

Алматы қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Сессия барысында Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары жоспарын таныстырды. Құжат Экология және табиғи ресурстар министрлігі бекіткен қағидаларға сәйкес әзірленіп, 9 бағыт бойынша 43 іс-шараны қамтиды. Оның 17-і атмосфералық ауа сапасын жақсартуға бағытталған.

— Атмосфералық ауаны қорғау бағыты аясында ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3-ті газға көшіру, жеке секторды газдандыру, автокөлік шығарындыларын бақылау, шығарындылар деңгейі төмен аймақтарды енгізу, сондай-ақ Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын іске асыру шаралары көзделген. Су ресурстары бөлігінде су сапасын мониторингілеу, өзендер мен каналдар арналарын жаңғырту, жалпы ұзындығы 120 шақырымнан асатын арық желісін салу және қайта жаңарту қарастырылған. Жасыл қор блогында жасыл желектерді түгендеу, қала аумағын көгалдандыру және жыл сайын кемінде 320 мың ағаш отырғызу жоспарланған, — деді Аршат Бахтыгереев.

Мәслихат депутаттары Алматы қаласының 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары жоспарын қолдап, бекітті.

Еске салайық, 2025 жылдың соңында Алматыда атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидалары қабылданды. Өзгерістер екі негізгі бағытты: III санаттағы объектілер мен көлікті қамтиды.

Дереккөз: Inform.kz