Алматыда танымал саябақтардың біріне қатысты дау туындап, оның аумағын тәркілеу мүмкіндігі туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Саябақ әкімшілігі мен қала тұрғындары танымал демалыс аймағының орнында тұрғын үй кешені пайда болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Family Park әкімшілігі әлеуметтік желілерде саябақты тәркілеу жоспарланып отырғанын хабарлады.
— Талқылауға AMANAT партиясының «Жер аманаты» комиссиясының Алматы қалалық филиалындағы отырысы себеп болды. Отырыста хабарланғандай, мәселе тұрғындардың өтініштері, саябақтың жай-күйіне шағымдар және осы тақырыптағы қоғамдық резонанстан кейін көтерілді. Бірақ Family Park әкімшілігіне отырысқа қатысушылар сілтеме жасаған өтініштер де, шағымдар да ұсынылмады, бұл саябақтың олардың мазмұнымен танысу және тиісті түсініктеме беру мүмкіндігінен айырды, — делінген жарияланымда.
Әкімшілікте саябақ өкілдерін бұл отырысқа шақырмағанын айтады. Сондай-ақ, отырыс өткізілгенге дейін саябаққа қандай да бір ресми талаптар түспеген, бірақ кейін жалдау шартын бұзу туралы хабарлама берілген. Саябақта мұндай шешімнің себептері түсініксіз екенін, өйткені 27 жыл жұмыс істеу барысында шарттың заңдылығына қатысты сұрақтар туындамағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, әкімшілік мемлекеттік органдар тарапынан жоспардан тыс тексерулерге таңғалғанын білдірді.
Аумақтың құрылысқа берілуі мүмкіндігіне қала тұрғындары да алаңдаушылық білдірді.
— Алматылықтар! Мен саябақтар, скверлер мен аллеялар туралы мәселені көтеруді жалғастырамын. Сіздер Family Park-ты бұзып, орнына жаңа тұрғын үй кешенін салғысы келетінін білесіздер ме? Family Park — бұл жай аттракциондар саябағы емес, бұл ағаштар, бұталар, гүлдер отырғызылған үлкен экожүйе. Бұл тек саябақ емес, бұл балалық шақ туралы естеліктер, — деп жазды алматылық тұрғын әлеуметтік желілерде.
Алматы әкімдігі жағдайға реакция білдірді. Онда Family Park аумағын тұрғын үй кешені немесе басқа да нысандар салу үшін пайдалану жоспарланып отырғаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
— Қолданыстағы Алматы қаласының Бас жоспарына, сондай-ақ Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік — саябақ аймағы ретінде айқындалған. Оның мақсатты және функционалдық тағайындалуын өзгерту көзделмейді. Family Park алматылықтар мен қонақтардың демалуына арналған саябақ ретінде өз мақсатын сақтайды, — деп хабарлады әкімдікте.
Сонымен қатар, аумақты кешенді реконструкциялау, абаттандыру және жаңғырту мақсатында тікелей мемлекеттік басқаруға қайтару мәселесі ғана қарастырылуда.
— Нысанды көп жылдар бойы пайдалануға қарамастан, жалға алушы саябақты дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі міндеттемелерін тиісінше орындамады, оның инфрақұрылымына инвестиция салмады, нәтижесінде саябақ құлдырау жағдайына жетті, — делінген әкімдік мәлімдемесінде.
Алматы әкімдігінің деректері бойынша, саябақ инженерлік және рекреациялық инфрақұрылымды жаңартуды, қолжетімді және қауіпсіз қалалық ортаны, оның ішінде аз қозғалатын азаматтар үшін толыққанды кедергісіз инфрақұрылымды құруды қажет етеді. Қалалық биліктің ақпаратынша, жаңартудан кейін саябақ қауіпсіз, қолжетімді және жайлы инфрақұрылымы бар заманауи қоғамдық кеңістікке айналуы тиіс.
Бұған дейін Алматыда инклюзивті «Пионер» тау курортына қатысты дау туындаған болатын. Инклюзивті жобаның негізін қалаушы Жанат Қаратай әкімдіктің канатты жол салу үшін жерлерді тәркілеу туралы қаулысын алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Алматыда канатты жолдар салу үшін төрт учаскені тәркілейтіні хабарланды. Иеліктен шығару «ТАУ-САМАЛ» фирмасы» ЖШС және Ski Park Pioneer ЖШС-не тиесілі учаскелерге әсер етеді. Тәркіленетін жерлердің жалпы ауданы екі гектардан асады.
Дереккөз: Inform.kz