...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Саясат

Алматы жастарына Конституцияның жаңа нормалары қалай әсер ететіні түсіндірілді

22-30 маусым аралығында Алматы қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының алаңдарында 13 дөңгелек үстел, ғылыми-тәжірибелік семинар, сараптамалық пікірталас, дәріс және ашық кездесу өтті. Оған профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, заңгерлер мен студенттер қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыптары жаңа конституциялық нормалар, құқықтық мемлекет қағидаттары, азаматтық жауапкершілік және қазіргі Қазақстанның дамуындағы жастардың рөлі болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Іс-шаралар М. Тынышбаев атындағы ALT университетінде, Narxoz университетінде, KazGASA университетінде, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, Қонаев университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, СПбГУП Алматы филиалында, Алматы технологиялық университетінде және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде өтті.

Кездесулер барысында Конституцияның әрбір азамат үшін практикалық маңызына, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңға құрмет көрсетуге және жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға ерекше назар аударылды.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Жақұбаеваның айтуынша, құқықтық мемлекетті қалыптастыру жастардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, өткізілген іс-шаралар студенттерге жаңа конституциялық нормалардың практикалық маңызын жақсырақ түсінуге, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігі қағидаттары, азаматтық жауапкершілік және жастардың қоғамдық өмірге қатысуы мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Кездесулерде «Заң және тәртіп» қағидатына, азаматтық қоғамды дамыту, жастар бастамаларын қолдау, еріктілік, экологиялық мәдениет және мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі ережелерін насихаттау жұмысы жалғасады. 10 шілдеге дейін Алматы жоғары оқу орындары мен жастар кеңістіктерінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және конституциялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған тағы он шақты ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізу жоспарланған.

Дереккөз: Zakon.kz