Алматы маңындағы тауларда екі жас турист ауа райының суықтығынан өз бетінше төмен түсе алмай қалып, оларға құтқарушылар көмекке барды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, көмек «Терра» алаңы маңында, теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте болған екі туристке қажет болды. Оларға Алматының мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары жіберілді.
«2003 және 2004 жылы туған жастар таулы жерге көтерілген, алайда ауа температурасының төмендігінен қатып қалып, өз бетінше төмен түсе алмады», — деп хабарлады ведомство.
Құтқарушылар екі туристі де экологиялық бекетке дейін аман-есен шығарып салды. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмаған, содан кейін өз бетінше үйлеріне қайтқан.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлауға, ауа райы жағдайын және күннің бату уақытын ескеруге кеңес береді. Сондай-ақ туристік соқпақтардан таймауға және өз күштерін дұрыс бағалауға шақырады.
