
19 мамырда Алматы қаласының Достық үйінде қоғамдық кеңес пен мәслихаттың бірлескен отырысы өтіп, онда Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Отырыста екі негізгі бастама ұсынылды. Алматы тау кластерін дамыту тұжырымдамасы «Шымбұлақ» пен Oi-Qaragai курорттарын Кімасар, Бутаковка шатқалдары және Pioneer курорты арқылы канатты жолдар мен трассалар жүйесімен байланыстыруды көздейді. Сондай-ақ «500К» бастамасы мен «Алматы тау академиясы» жобасы таныстырылды.
Almaty Superski жобасы халықаралық деңгейдегі заманауи жыл бойы жұмыс істейтін тау экожүйесін құруды көздейді. Жаңа көтергіштер, әртүрлі қиындықтағы трассалар желісі, дамыған туристік инфрақұрылымы бар заманауи тау қалашығы, сондай-ақ жаяу жүру, веложолдар және басқа да белсенді демалыс түрлері жоспарланған.
Екі жобаның негізіне экологиялық тұрақтылық салынған. Қазіргі уақытта гидрология, зоология, топырақтану және басқа да экологиялық зерттеулер саласындағы ғылыми институттармен және сарапшылармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Жобаларды іске асыру барысында курорттық инфрақұрылымның әлеуметтік бағыттылығын сақтау, оның ішінде балалар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеңілдіктер мен қолжетімді баға саясаты қарастырылған.
Отырыс қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған тұжырымдамаларды мақұлдап, оларды одан әрі ілгерілетуге қолдау білдірді.
Дереккөз: Nur.kz