
Алматы әкімдігі қоғамдық көліктегі жағдайға қатысты тұрғындардың шағымы көбейгенін хабарлады. Қазіргі уақытта жолақы құнын көтеру мәселесі қарастырылмайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада қоғамдық көлік пен жүргізушілердің жұмысына бақылау күшейтілген. Себеп – апта сайын шамамен 800 шағым түседі. Тұрғындар көбінесе автобусты ұзақ күту, салонның санитарлық жағдайы, кондиционерлердің жұмыс істемеуі және жүргізушілердің тәртіп бұзуы туралы хабарлайды.
«Мониторинг үшін қалада бақылау-желілік қызмет құрылды. Мамандар күн сайын көліктің техникалық жағдайын, қозғалыс кестесінің сақталуын және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын тексереді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Тасымалдаушылар жүргізушілердің мінез-құлқын бейнебақылаумен де күшейткен. Бұзушылыққа байланысты ескертуден бастап сыйлықақыдан айыруға дейінгі тәртіптік шаралар қолданылады. Әкімдік негізгі назар сапа мен тәртіпті жақсартуға аударылғанын, жолақыны көтеру қарастырылмайтынын мәлімдеді.
Дереккөз: Nur.kz