...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматы стенді Сеулдегі халықаралық көрмеде жүлдеге ие болды

Алматының туристік экспозициясы Сеулде өткен Seoul International Travel Fair (SITF) 2026 халықаралық көрмесінде марапатталды. Көрме 4-7 маусым аралығында өтіп, онда әлемнің 40 елінен 423 ұйым қатысып, 518 стендте өз мүмкіндіктерін таныстырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы экспозициясы қаланың табиғи маршруттарын, мәдени көрікті жерлерін, гастрономиясын және туристік инфрақұрылымын таныстырды. Қонақтардың назарын әсіресе әртістердің өнері, ұлттық костюмдер мен қазақ тағамдарының дегустациясы аударды.

Көрме қорытындысы бойынша Алматы стенді The Best Booth Content Award иеленді. Бұл марапат экспозицияның мазмұнды толықтығы мен таныстырылымы үшін беріледі.

SITF 2026 ұйымдастыру комитетінің өкілі Ли Сон Хо келушілердің бұл экспозицияға деген қызығушылығын атап өтті. «Алматы жыл сайын біздің көрмеге қатысады. Соңғы жылдары Кореяда Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылық артып келеді. Алматы стенді дайындықтың жоғары деңгейімен ерекшеленіп, ең көп келушілер мен белсенді алаңдардың біріне айналды», — деді ол.

Оңтүстік Корея Алматы үшін ең қарқынды дамып келе жатқан туристік нарықтардың бірі болып қала береді. 2025 жылы қалаға осы елден 23 мыңнан астам турист келген. Халықаралық көрмеге қатысу Алматының туристік әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстырып, қаланың Шығыс Азияның негізгі нарықтарының бірінде танымалдылығын арттыруға мүмкіндік берді, деп қосты Алматы Туризм басқармасы.

Дереккөз: Almaty.tv