Алматы — Қаскелең учаскесінде жолды 8 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында «Алматы — Бішкек» автомобиль жолының Алматыдан Қаскелеңге дейінгі 8 шақырымдық учаскесін кеңейту іске қосылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жолдың жүру бөлігі 8 жолаққа дейін жеткізіледі. Жоба көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға, жол желісінің жүктемесін азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Кеңейту аясында заманауи көлік инфрақұрылымы құрылады: жалпы ұзындығы 527 м болатын 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, жалпы ұзындығы 282 м 2 бұрылыс көлік айырбасы, автопавильондары бар 23 автобус аялдамасы, ұзындығы 12,9 км сыртқы жарықтандыру, су өткізу құрылыстары және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи элементтер, 18,5 км-ден астам металл кедергі қоршауы және 305 жол белгісі орнатылады.
Нысанға қажетті жол-құрылыс техникасы мен еңбек ресурстары жұмылдырылды: экскаваторлар, бульдозерлер, автосамосвалдар, фронтальды тиегіштер, автогрейдерлер және басқа арнайы техника. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде — құнарлы топырақ қабатын алу, жол бөлу жолағындағы жасыл желектерді кесу және құрылыстың келесі кезеңдеріне аумақты дайындау.
«Алматы — Қаскелең» учаскесін жаңғырту қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді жоюға және осы бағытта жүк және жолаушылар тасымалының одан әрі өсуіне негіз қалауға арналған.
Алдын ала Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мәселесі бойынша кеңес өткізіп, Мемлекет басшысы Алматы және маңайдағы елді мекендер тұрғындарының Алматы — Қаскелең жолының жоғары жүктемесіне қатысты шағымдарына назар аударғанын хабарлады. Президент жолды кеңейту жобасын дереу іске асыруды тапсырды. Осы аптаның соңына дейін мердігер техника мен персоналды жұмылдыруы қажет.
Динара Жүсіпбекова
Дереккөз: Inform.kz