Алматыда кәмелетке толмаған қызды аяусыз ұрып-соққан топқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желіде жасөспірімді қорлап, тізерлетіп, бетінен ұрған видео тарады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің мәліметінше, бейнежазба әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде анықталған. Кадрларда бір топ жасөспірім қыздың бетінен ұрып, шашынан тартып, тізерлетіп, қорлағаны көрінеді. Оқиғаны ұялы телефонға түсіріп алған.
«Әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында кәмелетке толмаған қызға қатысты бір топ жастардың құқыққа қайшы әрекеттері түсірілген жарияланым анықталды. Осы факті бойынша Наурызбай ауданы полиция басқармасында қылмыстық іс тергелуде», — деп хабарлады ведомстводан.
Полиция оқиғаның барлық қатысушыларының жеке басы анықталғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Дереккөз: Nur.kz