Алматы полиция департаментінің қызметкерлері жасанды интеллект негіздерін үйренуде. Оқытуды Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің базасында Цифрлық үкіметті қолдау орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, курсқа қатысушылар жасанды интеллект негіздерімен, заманауи технологиялармен және олардың дамуының негізгі бағыттарымен танысты. Сондай-ақ олар жасанды интеллектіні мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласында қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Ерекше назар практикалық бөлікке аударылды. Сабақ барысында қызметкерлер заманауи жасанды интеллект құралдарын зерделеп, оларды қызметтік, аналитикалық және басқару міндеттерін шешуде пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды. Қатысушылар практикалық және тактикалық кейстерді талдап, әртүрлі жұмыс жағдайларын модельдеді, сарапшыларға сұрақтар қойып, алған білімдерін тікелей пысықтады.
Оқытудың жеке блогы аналитикалық және басқару міндеттерін шешу үшін жасанды интеллектіні практикалық қолдану мәселелеріне арналды. Жекелеген процестерді автоматтандыру, ақпаратты дайындау және талдау, деректермен жұмыс істеу және әртүрлі қызметтік жағдайларда тиімді шешімдерді іздеу мүмкіндіктері қарастырылды.
Екі күндік курс қорытындысы бойынша қатысушыларға оқытудан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.
Бұл туралы Цифрлық үкіметті қолдау орталығының Instagram-парақшасында жарияланды.
