Алматыда Abyroi School жеке мектебінің балаларының үздіксіз оқуын қамтамасыз ету шаралары қабылдануда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алатау ауданындағы Abyroi School жеке мектебінің қызметі тоқтатылуына байланысты оның ғимаратын мемлекет меншігіне беру мәселесі шешілуде.
Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, ведомствоға оқушылардың ата-аналарынан оқу процесінің әрі қарай ұйымдастырылуына алаңдаушылық білдірген өтініштер түскен.
Қазіргі уақытта мектеп ғимараты мемлекет меншігіне беру сатысында тұр. Тиісті бағалау және рәсімдік іс-шаралар жүргізілуде.
— Оқу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету және балаларды мектеп орындарымен қамту үшін 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін аталған үй-жайға жалдау шарты ресімделуде. Бұл ғимарат №209 мемлекеттік мектеп-гимназиясының филиалы ретінде жұмыс істейтін болады, бұл оқушыларды толық қамтуға және оқу процесін қалыпты режимде ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — деп жауап берді басқармада.
Бүгінгі таңда Abyroi School жеке мектебінде оқыған 400-ге жуық оқушы осы ғимаратта оқуын жалғастыратын болады. №209 мектеп-гимназиясы аралас типтегі білім беру ұйымы болып табылады — қазақ және орыс тілдерінде оқытады. Басқарма мәселенің тұрақты бақылауда екенін қосты.
Сонымен қатар, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы жеке мектепке барып, оқушылардың ата-аналарымен кездесті. Кездесу барысында оларға жаңа оқу жылының басталуымен оқу процесінің қалай ұйымдастырылатыны түсіндірілді.
Айта кетейік, Қазақстанда 2020-2025 жылдар аралығында жеке мектептер саны мен оларда оқитын оқушылар саны айтарлықтай өсті.
