
Әлеуметтік желіде Алматы метросында өрт шыққаны туралы ақпарат тарады. Жолаушыларды «Алатау» станциясында түсіріп, пойыздар қозғалысы тоқтатылғаны хабарланды. Алайда Төтенше жағдайлар министрлігі мен метрополитен баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Telegram-арнада Qumash Алматы метросында «бір нәрсе тұтанғанын» жазды. Жарияланған кадрларда адамдар тобы мен жеңіл түтін көрінеді.
«Өрт жоқ, тежегіш колодкалары қысылып қалған. Қазір ақауды жою үстіндеміз, пойыз қалыпты режимде жұмыс істейді», — деп жазды ТЖМ баспасөз қызметі Qumash жарияланымының комментарийлерінде.
NUR.KZ тілшісі метрополитен баспасөз қызметіне хабарласқан. Олардың мәліметінше, 23 сәуір күні сағат 17:02-де «Алатау» станциясында жылжымалы құрамның техникалық ақауы орын алған. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолаушылар түсірілген. Келесі электропойыз жолаушыларды алып, бағыт бойынша қозғалысын жалғастырған. Ақаулы құрам «Мәскеу» станциясындағы тұйық жолға жіберілген.
Метрополитен баспасөз қызметі өрт немесе түтін тіркелмегенін, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп болмағанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды, пойыздар қалыпты режимде, кесте бойынша жүреді», — деп қорытындылады метрополитен өкілдері.
Дереккөз: Nur.kz