...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда нөсер мен жел күтіледі: коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті

Алматыда 23-25 сәуір аралығында күтілетін нөсер мен желге байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» РМК дерегінше, 23 сәуірде сағат 15:00-ден бастап жауын-шашын күтіледі, ал 17:00-ден кейін кей жерлерде қатты нөсер мен желдің жылдамдығы 15-18 м/с жетеді. 24 сәуірде де жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсер мен найзағай күтіледі. 25 сәуірде ауа райы айнымалы бұлтты, қысқа мерзімді жауын-шашын болады.

Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының хабарлауынша, ықтимал су басулардың алдын алу және жедел жою мақсатында қалалық қызметтер тәулік бойы кезекшілік етеді. Жұмыстарға мыналар жұмылдырылды:

  • 104 бірлік арнайы техника;
  • 74 мотопомпа;
  • 12 ассенизаторлық машина, оның бір бөлігі ықтимал су басу аймақтарына орналастырылған;
  • 75 жедел бригада (425 жол жұмысшысы);
  • 2300 қап құм дайындалды.

Сондай-ақ Алматы қалалық құтқару қызметі мен ТЖД бөлімшелері кезекшілікте. Қала бойынша тәуліктік жұмысқа 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1,2 мыңнан астам техника шығарылды. Барлық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп, ауа райының өзгеруіне жедел ден қоюға және қаланың қауіпсіз тіршілігін қамтамасыз етуге дайын.

Бұған дейін Алматыда жаңбыр салдарынан жолдарда 10 балдық кептеліс пайда болған еді.

Дереккөз: Inform.kz