Әлеуметтік желілерде Алматыда түсірілген балалардың котяталарға қатыгездік көрсеткен видеосы таралуда. Қалалық полиция кәмелетке толмағандарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Telegram-арнасы egovpress-те бір баланың котятаны баспалдақтан еденге лақтырғаны, содан кейін екінші бала жүгіріп келіп оны қолына алғаны көрсетілген. Видеода екі кішкентай жануар көрінеді. Оқиға тұрғын үйдің подъезінде түсірілген.
«Алматы қаласы Алатау ауданы Дарабоз шағын ауданында кейбір балалар жануарларды өлтіріп көңіл көтереді», — делінген видео сипаттамасында.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне жануарларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын, видеожазбада көрсетілген кәмелетке толмағандардың жеке басын, сондай-ақ олардың заңды өкілдерін анықтауда. Тексеру қорытындысы бойынша оқиғаның барлық қатысушыларының әрекеттеріне қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда кінәлі тұлғалар, оның ішінде кәмелетке толмағандардың ата-аналары белгіленген жауапкершілікке тартылады», — деп атап өтті полицияда.
Алматы Полиция департаменті азаматтарды жануарларға қатыгездік көрсетуден бас тартуға шақырып, мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайтынын ескертеді.
Дереккөз: Nur.kz